Шымкент қаласында ҚХА жастарының бастамасымен «Біз біргеміз» достық лагері ұйымдастырылды. Екі күнге созылған іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелері қатысты.
Шымкент қалалық ҚХА «Ассамблея жастары» ҚБ ұйымдастыруымен «Красные скалы» демалыс аймағында өткен лагерьдің негізгі мақсаты – жастар арасында жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеу, патриоттық сананы нығайту және Мемлекет басшысы айқындаған нашақорлық, ойынқұмарлық, зорлық-зомбылық, ысырапшылдық секілді қоғам дертіне айналған келеңсіз құбылыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды қолдау.
Лагерьдің салтанатты ашылу рәсіміне «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев пен Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Заңғар Үсіпахметов қатысып, жастарға сәттілік тілеп, ұйымның мақсат-міндеттері мен жастардың қоғамдағы рөлі туралы ойларымен бөлісті.
Іс-шара барысында қатысушылар үшін тұлғалық даму мен көшбасшылық қабілеттерді жетілдіруге бағытталған арнайы оқыту алаңдары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Life Coaching, Career Coaching, Relationship Coaching, Team Coaching және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы құқықтық сауаттылық тақырыптарында тәжірибелі мамандар дәрістер өткізіп, жастармен ашық пікір алмасты.
Оқу-ағарту бағытын негізге алған лагерь бағдарламасы жастарды жалпыұлттық бірлік идеясы төңірегіне топтастыруға бағытталды. Осы мақсатта спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар, командалық тапсырмалар мен түрлі танымдық жұмыстар ұйымдастырылып, қатысушылардың өзара қарым-қатынасы мен ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік жасалды.
Сонымен қатар, лагерь аясында табиғат аясында алау жағылып, қатысушылар өлең оқып, ән шырқап, еркін форматта ой бөлісті. Кеш ашық аспан астындағы кинокөрсетіліммен жалғасып, жастардың бір-бірімен жақынырақ танысуына және достық байланыстарын нығайтуына ықпал етті.