“Мен донормын!
14 маусым — Халықаралық қан донорлары күні қарсаңында қан орталығына барып, кезекті рет қан тапсырдым.
Донор болу – жай ғана медициналық рәсім емес. Бұл – адам өміріне араша болуға бағытталған игілікті іс, азаматтық жауапкершілік пен шынайы жанашырлықтың көрінісі. Бір адамның берген қаны ауыр халде жатқан науқасқа, ота жасалған азаматқа, өмір үшін күресіп жатқан балаға немесе анаға үміт сыйлауы мүмкін.
Қасиетті Құранда: «Кім бір адамды құтқарса, бүкіл адамзатты құтқарғандай болады» деген терең мағыналы аят бар. Халқымыз да: «Жақсылық жасасаң – өзіңе қайтады», «Қайырымдылық қылсаң, қайырын өзің көресің» деп бекер айтпаған. Донорлық – осы ұлы құндылықтардың нақты өмірдегі көрінісі.
Бұған дейін депутаттық сауалымызда донорларды қолдау, қан қызметінің жұмысын жетілдіру, қан орталықтарының әлеуетін арттыру, тұрақты донорлар қатарын көбейту және донорлық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін көтерген болатынбыз. Осы бағытта уәкілетті органдар тарапынан бірқатар шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл – қоғам денсаулығы мен адам өмірін қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Донорларға қолдау көрсету – өмірге қолдау көрсету. Қан тапсыру арқылы біз бір-бірімізге бейжай қарамайтын, қайырымды әрі жауапты қоғам қалыптастырамыз.
Барша азаматтарды донор болуға, осы ізгі іске қолдау білдіруге шақырамын. Сіздің бүгінгі шешіміңіз бір адамның ертеңгі өміріне себеп болуы мүмкін.
Донор болайық! Өмір сыйлайық! Жақсылықты бірге көбейтейік!”