01info.kz- ақпараттық портал

ҚАРАҒАНДЫДА ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРГЕ ЗАҢНАМАДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

0 237

Қарағанды облысының Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің қызметін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналған жұмыс кеңесі өтті.

Іс-шараның мақсаты – 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістердің негізгі талаптарын түсіндіру және этномәдени бірлестіктердің жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес қызметін ұйымдастыру мәселелері бойынша әдістемелік қолдау көрсету.

Жұмыс кеңесіне Қарағанды облысындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, сондай-ақ онлайн форматта өңірдің қала және аудандық этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Кездесуде Қарағанды облысы Әділет департаментінің өкілі заңнамадағы жаңашылдықтар жөнінде баяндама жасап, қоғамдық бірлестіктердің қызметіне қойылатын жаңартылған талаптарға тоқталды.

Кеңес барысында қоғамдық бірлестіктерді қайта тіркеу тәртібі, құрылтай құжаттарын заң талаптарына сәйкестендіру, қажетті құжаттар тізімі, өтініш беру мерзімдері және ұйымдардың жарғыларына өзгерістер енгізу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар қатысушыларға заңнамалық өзгерістерді іске асырудың практикалық тетіктері мен рәсімдік ерекшеліктері бойынша түсініктемелер берілді.

Іс-шара соңында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, этномәдени бірлестіктердің басшылары өздерін қызықтырған мәселелер бойынша Қарағанды облысы Әділет департаменті мамандарынан толыққанды жауаптар алды. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қайта тіркеу рәсімінен тиімді әрі уақтылы өтуге қатысты практикалық ұсынымдар ұсынылды.

Мұндай түсіндіру жұмыстары этномәдени бірлестіктердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың қызметін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіруге және қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.