Көкшетау қаласында 27–31 шілде аралығында этносаралық қатынастар саласындағы медиация бойынша өңірлік көшпелі семинар-тренинг өз жұмысын бастады. «Болашақ сарайы» алаңында ұйымдастырылған оқыту іс-шарасы медиация институтын дамытуға, этносаралық келісімді нығайтуға және қоғамдағы дау-жанжалдардың алдын алу бағытындағы кәсіби тәжірибені жетілдіруге бағытталған.
Семинар-тренингке Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген кәсіби медиаторлар қатысуда. Сонымен қатар жиынға «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС-нің сарапшылары мен облыстық Медиация кеңесінің мүшелері тартылған.
Бес күнге жоспарланған оқыту бағдарламасы барысында қатысушылар этносаралық қатынастар саласындағы медиацияның өзекті мәселелерін талқылап, қақтығыстардың алдын алу, қоғамдық келісімді сақтау және дауларды тиімді реттеу бойынша заманауи тәсілдермен танысады. Практикалық сабақтарда нақты кейстер қарастырылып, медиаторлардың кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған тренингтер өткізіледі.
Мұндай өңірлік көшпелі семинарлар медиаторлар арасындағы тәжірибе алмасуды дамытуға, өңірлердегі медиация институтының әлеуетін күшейтуге және Қазақстандағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етеді.