Петропавл қаласында этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне арналған «Этностарды интеграциялау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында этносаралық қатынастар саласындағы жобаларды ұйымдастыру және бағалау» тақырыбындағы екі күндік өңірлік семинар-тренинг өз жұмысын бастады. Ауқымды білім беру алаңын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастыруда.
Іс-шараның негізгі мақсаты – этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлін арттыру, этносаралық қатынастар саласындағы жобалық жұмыстың тиімділігін күшейту, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын іске асыруға азаматтық қоғам институттарының белсенді қатысуына қолдау көрсету.
Семинардың ашылу рәсіміне ҚР МАМ ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ басқарма басшысы Елдос Тәңірбергенұлы Жұмағұлов пен Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Бағдат Сәрсембайқызы Мұқанова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өз сөздерінде олар Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісімін нығайту жолындағы этномәдени бірлестіктердің маңызды миссиясына тоқталып, мұндай тәжірибелік оқыту алаңдарының өңірлердегі өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.
Семинар бағдарламасы этносаралық қатынастар саласындағы жобаларды әзірлеу, іске асыру және бағалау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Қатысушылар мемлекеттік қолдау құралдары, жобалық менеджменттің заманауи тәсілдері, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудың тиімді тәжірибелері жөнінде жан-жақты ақпарат алады.
Семинар аясында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қаржылық бақылау және мониторинг департаментінің директоры Динара Жақсылыққызы Молдақұлова спикер ретінде сөз сөйлеп, үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру мәселелері бойынша арнайы тренинг өткізді. Тренинг барысында гранттық қаржыландыру тетіктері, өтінімдерді сапалы әзірлеу жолдары және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырудың практикалық аспектілері кеңінен талқыланды.