Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, елордада интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында күмәнді операцияларды уақытша бұғаттайтын АНТИФРОД жүйесі енгізіліп, жыл басынан бері қылмыстық схемаларға қолданылуы мүмкін 19 600 есепшот бұғатталды.
Бүгінде алаяқтардың әдістері күрделеніп, олар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы бейнеқоңыраулар шалып, жақын туыстар мен әріптестердің дауыстарын айнытпай салып алдай бастаған.
Мұндай цифрлық қауіптерден қорғану үшін мамандар аккаунттарға қосымша қорғаныс беретін аппараттық қауіпсіздік кілттерін (USB/NFC) және құпия сөздің орнына биометрияны қолданатын Passkeys технологиясын енгізуді ұсынады. Сонымен қатар, жасанды интеллектпен өңделген дауыстарды анықтау үшін жақындармен алдын ала құпия код сөзін келісіп алу, барлық аккаунттарды бір ғана электрондық поштаға байланыстырмау және интернеттегі жеке ақпаратты (цифрлық ізді) барынша азайту маңызды.
Қорғанудың ең тиімді құралы — қырағылық танытып, бөтен адамдарға парольдер мен SMS-кодтарды айтпау және кез келген күмәнді ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру болып табылады.
дереккөз: Астана қ. әкімдігі баспасөз қызметі