Шымкент қаласындағы Достық үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің тоқсандық отырысы өтті.
«Отбасы – қоғам негізі» тақырыбымен өрбіген жиында отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді сіңірудегі ананың айрықша рөлі жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар қоғамдық келісім мен ел бірлігін сақтаудағы отбасының орны мен маңызына ерекше назар аударылды.
Кеңес барысында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар пысықталды. Сондай-ақ ұлт тәрбиесінің өзегіне айналған отбасы құндылықтарын дәріптеу, аналардың қоғамдық белсенділігін арттыру және өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өтті.
Халқымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауын отбасыдан таратады. Шаңырақтың шаттығы мен берекесі – қоғамның тұрақтылығының, ел бірлігінің және мемлекет болашағының берік негізі. Сондықтан Аналар кеңесі ұлттық болмысты ұлықтау, ізгі құндылықтарды насихаттау және ұрпақ сабақтастығын нығайту жолындағы маңызды қоғамдық институт ретінде өз қызметін жалғастыруда.
Ана – ұлттың ұйытқысы, отбасының шырақшысы. Ұлттың рухани келбеті мен тәрбиелік деңгейі ең алдымен отбасыдан бастау алады. Осы ретте Аналар кеңесінің бастамалары қоғамдағы татулық пен өзара сыйластықты нығайтып, жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған маңызды жұмыстардың өзегіне айналып келеді.