ҚР МАМ ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақстан облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымымен «Бірлік пен келісімнің мәні» тақырыбы аясында халықтық Конституцияның қоғам өміріндегі маңызы кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, Ата Заңның қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, елдегі бейбітшілік пен келісімді, этносаралық келісімді нығайтудағы рөліне баса назар аударылды.
Кездесу барысында қоғамдағы бірлік пен келісім қағидаттарын одан әрі нығайтуға бағытталған бастамалар да сөз болды. Осы ретте қатысушылар қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға, азаматтардың ел тағдырына қатысты мәселелерді талқылауға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған Қазақстан Халық Кеңесінің қызметіне тоқталып, оның қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтудағы маңызын атап өтті.
Іс-шара аясында конституциялық құндылықтарды кеңінен насихаттау, өңірлердегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру және оларды заманауи талаптарға сай ұйымдастыру мәселелері бойынша әдістемелік ұсынымдар берілді. Сонымен қатар, республикалық және өңірлік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктері қарастырылып, алдағы кезеңдегі ортақ міндеттерді нәтижелі іске асыру жолдары талқыланды.
Ашық диалог пен кәсіби пікір алмасу форматында өткен кездесу өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды сапалы жүзеге асыруға тың серпін берді.