Тараз қ. Достық үйінде «Инклюзивті Ассамблея» жобасы аясында танымдық экскурсия өтті. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақты көпэтносты қоғам өкілдерінің тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру және татулық пен ауызбіршілік құндылықтарын дәріптеу.
Экскурсияға Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ тәрбиеленушілері қатысты. Олар өңірлік ҚХА тарихымен, ЭМБ қызметімен танысып, қолөнер бұйымдарын тамашалады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері бейнеленген ақпараттық тақтамен танысты.
Түрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімдері, бас киімдері мен тұрмыстық заттары туралы мағлұмат алып, мәдениет пен дәстүр сабақтастығы жөнінде пікір алмасты. Экскурсия барысында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Замана Исмаилова қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, өңірдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған жұмыстар туралы кеңінен баяндады.