2026 жылғы 10 маусымда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Этносаясаттану» білім беру бағдарламасының бес жылдығына арналған «Этносаясаттану: бес жылдық даму мен жаңа мүмкіндіктер» атты салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, ғалымдар мен сарапшылар, академиялық қауымдастық өкілдері, халықаралық серіктестер, түлектер мен студенттер қатысты.
Салтанатты рәсім басталар алдында қонақтар Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ғылыми басылымдары мен магистрлік диссертациялар көрмесімен танысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов бағдарламаның білікті мамандар даярлаудағы, ғылыми зерттеулерді дамытудағы және қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызын атап өтті.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы Наталья Калашникова бағдарламаның бес жылдағы негізгі нәтижелері мен жетістіктерін таныстырды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатвалдиев, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова және басқа да іс-шара қатысушылары құттықтау сөз сөйледі. Спикерлер бағдарламаның сарапшылық қауымдастықты дамытуға және сұранысқа ие мамандар даярлауға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Іс-шара аясында Ресей, Өзбекстан және Болгария елдеріндегі шетелдік серіктестердің бейнеқұттықтаулары көрсетіліп, олар мамандар даярлау деңгейінің жоғары екенін және халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Бағдарлама түлектеріне ерекше назар аударылып, олар кәсіби қалыптасу жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар «Этносаясаттағы дипломатия және менеджмент» докторлық бағдарламасының алғашқы түлектерін марапаттау рәсімі өтті.
Бес жыл ішінде «Этносаясаттану» білім беру бағдарламасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында мамандар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы сұранысқа ие академиялық алаң ретінде өзін таныта білді.