Тараз қаласында жастар арасында интеллектуалдық мәдениетті дамыту, қоғамдық келісім мен бірлікті дәріптеу мақсатында «DASTUR IQ» интеллектуалды квизі ұйымдастырылды.
Зияткерлік сайысқа этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері және белсенді жастардан құралған командалар қатысты. Қатысушылар тарих, мәдениет, әдебиет, дәстүр, география, логика және жалпы білім беру бағыттары бойынша дайындалған сұрақтарға жауап беріп, өз білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін сынға салды.
Іс-шара түрлі этнос өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, жастардың дүниетанымын кеңейтуге және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Квиз қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталса, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.