21 маусым – Әкелер күніне орай Жамбыл облыстық поляк тілі мен мәдениеті орталығының «Полонез» және Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығы жанындағы Аналар кеңестерінің бастамасымен тағылымы мол кездесу өтті.
Тәрбиелік маңызы зор шара Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасына қарасты арнайы мектепте ұйымдастырылып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, әкенің отбасындағы орны мен жауапкершілігін насихаттауға, сондай-ақ жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге арналды.
Кездесуге Жамбыл облыстық поляк тілі мен мәдениеті орталығының «Полонез» Аналар кеңесінің төрайымы Аракси Плетнёва, Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығының Аналар кеңесінің төрайымы Лобар Гаюпова, орталық ардагері Абдурахман Зайнутдинов және дзюдо жаттықтырушысы Ермек Әлжанов қатысып, жастармен мазмұнды әңгіме өрбітті.
Шара барысында қонақтар әкенің отбасы өміріндегі ерекше рөлі, ұлттық және отбасылық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Олар өмірлік тәжірибелерінен тағылымды мысалдар келтіріп, жас буынды үлкенді құрметтеуге, отбасы бірлігін нығайтуға және адамгершілік қасиеттерді жоғары бағалауға шақырды.
Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Ашық диалогқа құрылған жиын ерекше әсер қалдырып, қатысушыларға рухани азық сыйлады.
Іс-шара соңында мерекелік дастарқан жайылып, қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Мұндай кездесулер қоғамдағы әке мәртебесін арттыруға, отбасы институтын нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі екені атап өтілді.