01info.kz- ақпараттық портал

Аулада көлік қоюға тыйым салынады деген ақпарат рас па? ІІМ жауап берді

фото: ашық дереккөз
0 27

Әлеуметтік желілерде «биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап тұрғын үйлердің ауласында көлік құралдарын қоюға тыйым салатын жаңа нормалар енгізіледі» деген ақпарат тарап жатыр. Бул хабарлама жүргізушілер арасында үлкен талқылау тудырды.

Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, тараған ақпаратты теріске шығарды.

Ережелер өзгеріссіз қалады

ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің хабарлауынша, Жол жүрісі қағидаларына бұл мәселеге қатысты ешқандай өзгерістер енгізілмеген. Көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қоюға қатысты талаптар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады.

Дегенмен, министрлік жүргізушілердің есіне бұрыннан қолданыста бар маңызды тыйымдарды салуды жөн көрді. Оған сәйкес, көліктерді мына орындарға қоюға мүлдем болмайды:

  • Гүлзарлар мен көгалдарға;

  • Балалар алаңдарына;

  • Спорт алаңдарына.

Балалар қауіпсіздігі — басты назарда

Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушылардың барлығын ережелерді қатаң сақтауға және өзара құрмет танытуға шақырды. Әсіресе, жазғы уақытта балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттілігі туындап отыр.

«Ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың мінез-құлқын бақылауды күшейтіп, көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үнемі ескертіп отыру ұсынылады. Жолдың жүріс бөлігінде және өмірге қауіп төндіретін өзге де орындарда ойнауға болмайтынын түсіндіру маңызды. Тек бірлесіп қана біз жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», — деді Шұғыла Тұрлыбек.

Дереккөз: Polisia.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.