Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Зерделі ұрпақ» бастамасы аясында Алматы қаласында алғаш рет TOGYZQUMALAQ FEST ұлттық зияткерлік фестивалі ұйымдастырылды. Ауқымды шара ұлттық құндылықтарды дәріптеу, зияткерлік спортты дамыту және жастардың логикалық, аналитикалық әрі стратегиялық ойлау қабілеттерін жетілдіру мақсатында өткізілді.
Фестиваль Алматы қаласы әкімдігінің және Спорт басқармасының қолдауымен, сондай-ақ Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Болат Оспановтың келісімімен жүзеге асты. Іс-шара ұлттық мұраны заманауи үрдістермен ұштастырып, түрлі буын өкілдерін ортақ алаңда тоғыстырды.
Салтанатты ашылу рәсімінде «Жомарт жан» орталығының төрағасы, «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Долқунтай Әлиев сөз сөйлеп, фестивальдің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар шараға Алматы қаласы ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Фестиваль бағдарламасы мазмұнды әрі жан-жақты болды. Қатысушылар тоғызқұмалақ турнирлерінде бақ сынап, кітап көрмесін тамашалады, подкаст алаңындағы пікірталастарға қатысып, жасанды интеллект аймағындағы заманауи технологиялармен танысты. Фестивальге 500-ден астам адам тіркеліп, ұлттық ойынға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
Жарысқа Алматы қаласының әртүрлі жастағы тұрғындары, ұлттық ойын жанашырлары, қала қонақтары мен демалушылар қатысты. Турнир достық, өзара құрмет және әділ бәсеке рухында өтіп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
TOGYZQUMALAQ FEST ұлттық мұраны дәріптеумен қатар, жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды мәдени-спорттық жоба ретінде жұртшылықтың жоғары бағасына ие болды. Фестиваль ұлттық құндылықтарды сақтауға және оларды жаңа технологиялармен ұштастыра отырып дамытуға мүмкіндік беретін тиімді алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.