Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 92-ші театр маусымын бірқатар мәдени жобалармен аяқтайды. Бағдарламаға екі күнге жоспарланған «Опера түні» жобасы, «Ұлы Жібек жолы» балетінің премьерасы және «Абай» операсының жаңартылған нұсқасы енгізілген. Театр «Опера түні» жобасын мұндай форматта алғаш рет өткізбек. 25 маусым күні театр алдындағы алаңда симфониялық оркестр, хор және жетекші солистердің қатысуымен Open Air концерті ұйымдастырылады. Концерт бағдарламасында Карл Орф, Петр Чайковский, Джоаккино Россини, Пьетро Масканьи шығармалары, сондай-ақ «Біржан – Сара» операсындағы айтыс сахнасы мен Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні орындалады. Кеш соңында концерт қатысушылары бірге айтатын «Гүл Алматым» әні шырқалады. Келесі күні жоба ARTE галереясында жалғасады. Театрдың тарихи ғимаратында әлемдік және ұлттық классика туындыларын қамтитын вокалдық бағдарлама ұсынылады. Театр маусымындағы айтулы оқиғалардың бірі – 27 маусымда өтетін «Ұлы Жібек жолы» балетінің премьерасы. Қойылым Ұлы Жібек жолының тарихын арқау етіп, Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің тоғысын би өнері арқылы бейнелейді. Қоюшы идея авторы – Қазақстанның халық әртісі, театрдың балет труппасының жетекшісі Гүлжан Түткібаева. Ал 28 маусымда Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсының жаңартылған сахналық нұсқасы қойылады. Спектакль түпнұсқаның музыкалық және әдеби негізін сақтай отырып, жаңа режиссерлік шешімдермен және заманауи көркемдік ізденістермен толықтырылған.
Дереккөз: МАМ