01info.kz- ақпараттық портал

Нью-Йорктегі БҰҰ Полиция саммиті: Ержан Сәденов трансұлттық қылмысқа қарсы күрес мәселелерін көтерді

фото: Polisia.kz
0 16

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ-ның 5-ші полиция саммитіне қатысып, халықаралық деңгейде маңызды кездесулер өткізді. 5-10 шілде аралығында АҚШ-та болған жұмыс сапары барысында министр қазақстандық құқық қорғау органдарының тәжірибесін таныстырып, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Polisia.kz ақпарат көзіне сәйкес, саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйлеген Ержан Сәденов халықаралық қауіпсіздікті нығайту, полицияның бітімгерлік әлеуетін арттыру, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бағытындағы Қазақстанның ұстанымын айқындап берді. Ол өз сөзінде құқық қорғау органдары арасындағы тығыз өзара іс-қимыл мен озық тәжірибе алмасудың қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы тұрудағы маңызына ерекше тоқталды.

Сапардың негізгі бөлігі ретінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Жан-Пьер Лакруамен өткен жеке кездесуде Қазақстанның БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысуын кеңейту, полиция қызметкерлерін арнайы даярлау және ішкі істер органдарына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланып, тиісті келісімдерге қол жеткізілді. Сонымен қатар, американдық әріптестермен ынтымақтастық нығайтылды. Атап айтқанда, АҚШ Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) Нью-Йорк кеңсесінің басшысы Джеймс Барнаклмен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, цифрлық технологияларды дамыту және мамандар даярлау бойынша келешектегі бірлескен жұмыстар қарастырылды. Делегация өкілдері ФТБ-ның Бірлескен операциялар орталығы мен Нью-Йорк қаласы полиция департаментінің Жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, мегаполис полициясының патрульдік бөлімшелерді нақты уақыт режимінде үйлестіру, бейнебақылау және цифрлық талдау құралдарын қолдану тәжірибесін зерделеді. Саммит аясындағы өзге де мемлекеттердің құқық қорғау басшыларымен өткен екіжақты кездесулер Қазақстанның халықаралық аренадағы кәсіби байланыстарын одан әрі бекітіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен заманауи технологияларды полиция қызметіне енгізу бағытындағы практикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.