Алматыда әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен «Доспехи бога: Ультиматум» («Armour of God: Ultimatum») халықаралық көркем фильмінің түсірілімі ресми түрде басталды. Игілікті шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сонымен қатар киноиндустрия саласының отандық және шетелдік өкілдері қатысты.
Жиын барысында сөз алған Аида Балаева атақты актердің Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және еліміздің мәдениетін әлемдік аренада танытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Министр Джеки Чанға алдағы шығармашылық жұмыстарына сәттілік тілеп, тың бастамаларға табыс тіледі.
Түсірілім қарсаңында Джеки Чан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері және Алматының талантты жас суретшілерімен кездесіп, сыр бөлісті. Жастарға кәсіби жолдағы үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген адалдықтың маңыздылығын айтқан актер, кездесу соңында өзіне тарту етілген портреттерді қабыл алып, жас өнерпаздарға ризашылығын білдірді. Салтанатты рәсім дәстүрлі түсірілім тақтайшасын соғу және естелік суретке түсумен қорытындыланды.
Ауқымды жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың мемлекеттік China Film Group Corporation компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильмді өндіру ісіне қазақстандық Sәlem Entertainment және гонконгтық Billion Target компаниялары атсалысады. Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун. Түсірілім жұмыстары 2026 жылдың шілде мен қазан айлары аралығында Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында жоспарланған. Халықаралық деңгейде кең прокатқа шығарылатын бұл туынды Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға, кинотуризмді дамытуға және еліміздің әлемдік киноиндустрия үшін тартымды әрі заманауи алаң екенін көрсетуге бағытталған стратегиялық маңызды жоба болып табылады.
Дереккөз: МАМ баспасөз қызметі