Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Атқарушы кеңесі 2030 жылғы Француз Альпісінде өтетін қысқы Олимпиада ойындарының жарыс бағдарламасы мен дисциплиналарын бекітті.
Бағдарламаға шаңғы спорты мен сноубордтағы фрирайд және мәнерлеп сырғанаудан синхронды жарыс сияқты жаңа дисциплиналар қосылды. Сонымен қатар, шаңғы қоссайысы алдағы қысқы Олимпиада бағдарламасына енгізілмеді. Бұл шешім дисциплинаға жүргізілген кешенді бағалау, оның ішінде танымалдылық көрсеткіштері, көрермендер қызығушылығы, медиақамту және даму географиясы негізінде қабылданды.
ХОК Атқарушы кеңесі жалпы саны үш жаңа дисциплинаны және 16 жаңа медальдық жарыс түрін мақұлдады. Өзгерістер биатлонға, конькимен сырғанау спорт түрлеріне, шаңғы спорты мен сноубордқа, сондай-ақ шаңғы альпинизміне қатысты болды.
Жаңа жарыстар қатарында: биатлоннан аралас жеке эстафета, конькимен сырғанаудан ерлер мен әйелдер арасындағы командалық спринт, фристайлдан аралас командалық ски-кросс, параллель сноубордтан аралас командалық жарыс, шаңғымен тұғырдан секіруден әйелдер командалық жарысы, сондай-ақ шаңғы спорты мен сноубордтағы фрирайд және мәнерлеп сырғанаудан синхронды жарыстар бар.
Бұрын қосымша Олимпиадалық спорт түрі ретінде бекітілген шаңғы альпинизмі ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей жарыстармен, спринтпен, сондай-ақ аралас эстафетамен ұсынылатын болады.
ХОК Атқарушы кеңесі сноубордтан параллель гигантты слалом жарыстарын Олимпиада бағдарламасында сақтап қалуды растады.
2030 жылғы Француз Альпісіндегі Олимпиада спортшылар квотасын бөлуде гендерлік тепе-теңдік қамтамасыз етілген тарихтағы алғашқы қысқы Олимпиада ойындары болмақ. Ойындарға барлығы 3046 атлет қатысады (1525 әйел және 1521 ер адам). Бағдарламада 126 медаль жиынтығы қарастырылған: 56-сы әйелдер арасында, 55-і ерлер арасында және 15-і аралас дисциплиналарда.
ХОК-та шаңғы қоссайысының танымалдылығы мен таралу деңгейі жағынан басқа дисциплиналардан әлі де қалыс қалып отырғанын атап өтті. Соңғы төрт қысқы Олимпиада ойындарында бұл спорт түрінен тек бес ұлттық олимпиадалық комитеттің өкілдері ғана медаль алған. Дегенмен, шаңғы қоссайысы 2028 жылы Италияның Доломити және Вальтеллина аймақтарында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындарының бағдарламасында қалады және 2034 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өтетін XXVIII қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енуге үміткер бола алады.
Сонымен қатар, ХОК Атқарушы кеңесі спорттық нысандардың жаңартылған бас жоспарын мақұлдады. Шаңғы альпинизмінен жарыстар Монженеврде өтеді, бұл қолданыстағы спорттық инфрақұрылым мен Бриансондағы Олимпиадалық ауылды пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Олимпиадалық мұраны тиімдірек пайдалануға бағытталған Паралимпиада ойындарының нысандары бойынша жоспарға өзгерістер келісілді.
Дереккөз: olympic.kz