01info.kz- ақпараттық портал

МЕДИАЦИЯ – ҚОҒАМДАҒЫ ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМНІҢ МАҢЫЗДЫ ТЕТІГІ

0 236

Шымкент қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің кезекті отырысы өтті. Басқосу қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, этносаралық келісімді нығайту және дау-дамайларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін дамыту мәселелеріне арналды.

Жиынды Медиация кеңесінің төрайымы, кәсіби медиатор Дана Кенжеқұлова жүргізіп, медиация институтын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Отырыста кеңес мүшелері азаматтар арасындағы түрлі даулардың алдын алу, оларды сотқа жеткізбей шешу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ тұрғындар арасында медиация мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Қатысушылардың пікірінше, медиация – қоғамдағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтатын тиімді құралдардың бірі. Әсіресе, көпэтносты қоғам жағдайында татулық пен бірлікті сақтауда медиаторлардың рөлі ерекше. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңызы зор.

Кездесу барысында медиаторлардың кәсіби әлеуетін арттыру, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және өзара ынтымақтастықты дамыту бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Кеңес мүшелері медиация институтын одан әрі жетілдіру қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Отырыс қорытындысында қатысушылар медиация саласындағы бірлескен жұмысты жалғастырып, қоғамдық келісім мен татулықты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.