Талдықорған қаласында этномәдени бірлестік өкілдеріне арналған «Этностарды интеграциялау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында этносаралық қатынастар саласындағы жобаларды ұйымдастыру және бағалау» тақырыбындағы оқыту семинар-тренингі аяқталды.
Шараның екінші күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақмола облыстық филиалының директоры Әсет Әбжақов қатысушыларға арнайы дайындалған оқу бағдарламаларын таныстырды. Спикер тренинг барысында «Түрлі этностық топтарды интеграциялау процесінде жанжал ошақтарын тудырушы тұлғаларды алдын ала анықтау тетіктері», сондай-ақ «Этностарды ортақ кеңістікке интеграциялаудың күрделі кезеңдерінде келіссөздер жүргізудің медиативтік тәсілдері» тақырыптарын кеңінен тарқатты. Сонымен қатар өзінің іс-тәжірибесінде кездескен нақты жағдайлармен бөлісіп, өмірлік кейстерді талдап берді.
Оқу курсын толық тәмамдаған қатысушылардың барлығына арнайы сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жиыннан алған білім мен дағдылар өңірлердегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жобалардың сапасы мен нәтижесін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді.