4 маусым күні «Қоғамдық келісім» РММ және ҚР Ұлттық музейінің бірлесуімен «Музейдегі демалыс» жобасы аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған
«Рәміздерім – мақтанышым» атты шеберлік сабағы өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын орындап, пластилиннен еліміздің мемлекеттік рәміздерін жасап көрді. Сонымен қатар, олардың шығу тарихы мен маңызы туралы мағлұмат алып, шығармашылық қабілеттерін танытуға мүмкіндік алды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ мекемесі «Инклюзивті Ассамблея» жобасы аясында «Мозайка» мамандандырылған мектебінің тәрбиеленушілерінің қатысуын қамтамасыз етті. Балалар үшін бұл іс-шара қызықты шығармашылық сабақ қана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы білімдерін кеңейтіп, Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыруға ықпал етті.
Шеберлік сабағынан кейін балаларға Ұлттық музей залдары бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Олар музей экспозицияларымен танысып, Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасы туралы көптеген қызықты мәліметтер алды. Экскурсия іс-шара бағдарламасының маңызды бөлігіне айналып, балалардың жаңа білім алып, жарқын әсерлерге бөленуіне мүмкіндік берді.
Іс-шара жылы әрі достық атмосферада өтіп, инклюзивті ортаны дамытуға, балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға және Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.