Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Павлодар облысынан арнайы келген Аналар кеңесінің және “Нұр-Ана әлемі” қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен тағылымды кездесу өтті.
Үш күнге созылған рухани-танымдық сапар аясында делегация мүшелері киелі Түркістанның тарихи-мәдени орындарын аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Қонақтар Достық үйіне арнайы барып, жаңа ғимараттың жұмысымен танысып, этномәдени бірлестіктердің кабинеттерін және Аналар кеңесінің жұмыс бағыттарын көрді.
Делегация құрамын Павлодар облысы ҚХА Аналар кеңесінің және “НҰР-АНА әлемі” қоғамдық бірлестігінің төрайымы, “Құрмет”, “Парасат” ордендерінің иегері, “Ел анасы” атағының иегері Бақытжамал Шахановна Максилова бастап келді.
Кездесу барысында қос өңір өзара тәжірибе алмасып, отбасы құндылықтарын дәріптеу, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстар жөнінде пікір бөлісті. Әсерлі басқосуда әсем әндер шырқалып, рухани кештің сәнін келтірді.
Сапар соңында павлодарлық аналар Түркістан облыстық Аналар кабинетіне арнайы кәдесыйын табыстап, ыстық ықыластарын жеткізді.
Осындай тағылымды кездесулер ел бірлігін бекемдеп, аналардың қоғамдағы рөлін арттыра түсетіні сөзсіз.