1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Жезқазған қаласында «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының ресми ашылуы өтті.
Жаңа нысан Болат Өтемұратов қорының қолдауымен салынған және өңір балаларына қосымша білім мен шығармашылық дамытуға арналған заманауи орталықтардың бірі болып саналады.
Жалпы аумағы 2 600 шаршы метрден асатын кешенде STEM-аймақ, робототехника, қыш шеберханасы, арт-студия, музыка, хореография, шахмат және цифрлық өнер кабинеттері бар.
Орталық бір уақытта 250 балаға дейін қабылдай алады, ал күніне 600 балаға дейін тегін үйірмелермен қамтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ғимаратта инклюзивті орта қарастырылып, ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалған. Аумағында спорт және ойын алаңдары орналасқан.
Жобаның жалпы құны 4 миллиард теңгені құрайды. Ашылу рәсімінде өңір басшылығы мен Болат Өтемұратов қорының өкілдері бұл орталықтың жас ұрпақтың дамуына, білім мен шығармашылық әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосатынын атап өтті.
«Шабыт» орталығы Жезқазғандағы балаларға арналған жаңа заманауи білім беру және шығармашылық кеңістіктердің бірі болды.