01info.kz- ақпараттық портал

БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ ТҮРКІСТАНДА СУРЕТ САЛУ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

0 359

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимараты жанындағы аллеяда Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Бейбітшілік әлемі» тақырыбында сурет салу байқауы өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, бейбітшілік пен достық құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Байқаудың ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Ұласбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушыларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, жас таланттарға сәттілік тіледі.

Байқауға Түркістан қаласы мен облыстың аудан-қалаларынан келген жас суретшілер қатысып, «Бір шаңырақ астында», «Мәдениет көпірі», «Менің елім – менің болашағым», «Мәдени мозаика» тақырыптары аясында өз шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Балалар өз туындылары арқылы бейбітшілік, татулық, достық және бірлік идеяларын көркем түрде бейнеледі.

Байқау жұмыстарын бағалау үшін тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы жұмыс жасады. Қазылар алқасының төрайымы – «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева. Сонымен қатар қазылар құрамында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Бейнелеу өнері кафедрасының доценті Ержан Бураханұлы Әуелбеков, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының үздік суретшісі Омар Базарбайұлы Бабажанов, Түркістан қалалық білім бөлімінің «Оқушылар сарайы» МКК сурет үйірмесінің жетекшісі Шохиста Акмалқызы Абдуллаева және Қазақстан Республикасының қолөнершілер одағының мүшесі, «Балалар қолөнер» мектебінің мұғалімі, «Тері және былғары» үйірмесінің жетекшісі Нұрдәулет Әбутәліпұлы Аманқұл болды.

Сурет салу кезеңінде қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында аниматорлардың ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылып, балаларға балмұздақ таратылды.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Барлық қатысушыларға белсенділігі мен шығармашылық ізденісі үшін Алғыс хаттар мен естелік сый-сияпаттар табысталды.

Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, мерекелік күннің әсерімен бөлісті.

Балалардың жарқын күлкісі мен шығармашылық шабытын дәріптеген бұл іс-шара өскелең ұрпақтың бойында бейбітшілікке, өзара құрмет пен достыққа деген құндылықтарды нығайтуға бағытталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.