Қонаев қаласында Алматы облыстық «Достық үйі» ғимаратының құрылысы басталды. Өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған маңызды жобаны жергілікті ірі кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жүзеге асыруда.
Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев облыстық ҚХА мүшелері және этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен бірге ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салды.
Қазіргі таңда өңірде 105 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Облыста тіркелген 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым түрлі әлеуметтік жобаны қолға алып, өзара татулық пен сенімді арттыруға қызмет етуде. Сондықтан бұл «Достық үйі» аталған құрылымдардың басын біріктіретін шаңыраққа айналмақ.
Аймақ басшысы өз сөзінде «Достық үйі» құрылысының басталуы облыс үшін тарихи маңызы зор, айтулы оқиға екенін атап өтті. Аймақ басшысы бұл нысанның бой көтеруі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында берген нақты тапсырмасының аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылы өткен ХХХІV сессиясында көпэтносты Алматы облысында «Достық үйін» салу қажеттігі жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бүгін сол маңызды тапсырманың жүзеге асуына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әрдайым айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде өңірімізде кәсіпкерлік пен өндірістің өркендеуіне мол мүмкіндіктер ашылды. Атап айтқанда, 2022–2025 жылдар аралығында Алматы облысына 3,7 трлн теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 930,3 млрд теңге болатын 120 жоба пайдалануға беріліп, оның аясында 14 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өңір экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосқан кәсіпкерлеріміз бүгін «Достық үйін» өз қаражаттары есебінен салуға қолдау білдіру арқылы ел алдындағы азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отыр. Бұл шаңырақ ел бірлігі мен татулықтың ордасына айналады деп сенемін», – деді Марат Елеусізұлы.
Сондай-ақ ол өңір экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып, ғимарат құрылысына демеушілік жасаған кәсіпкерлерге азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсеткені үшін алғыс білдірді. Ал этномәдени бірлестік өкілдері «Достық үйінің» бой көтеруі олардың жұмысына серпін беріп, жаңа белестерді бағындыруға септігін тигізетінін айтты.
Салтанатты рәсімге облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, Қоғамдық келісім және даму орталығының қызметкерлері қатысты.
Жаңа ғимарат бірлескен жобалар жүзеге асырылып, мәдени-ағартушылық іс-шаралар, форумдар мен кездесулер өткізілетін ашық диалог алаңы қалыптасады. Нысан құрылысы үш ай бойы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.