01info.kz- ақпараттық портал

ЖЕҢІС — БІРЛІКТЕ!

0 246

Атырау облысы «Қоғамдық келісім» КММ мен «Ассамблея жастары» РҚБ ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жеңіс – бірлікте» жобасы аясында “Спорт нашақорлыққа қарсы” ұранымен «Sport Unites» достық медиа шоу матчы өтті. «Ассамблея жастары» мен «ORTA» блогерлер командасы жасыл алаңда бас қосып, футбол кешін ерекше эмоция мен тартысқа толы атмосфераға айналдырды.

«Ассамблея жастары» құрамасы алаңға әртүрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімін киген балалармен бірге шығып, достық пен бірліктің жарқын көрінісін паш етті. Ерекше акция көпшілікке татулық пен мәдени әралуандылықтың маңызын насихаттап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Матч жоғары қарқында өтіп, алаңдағы әр шабуыл мен қауіпті сәт жанкүйерлердің қызу қолдауымен қатар жүрді. Кездесу барысында гол авторлары қатарында «Ассамблея жастары» құрамасынан Нұрхан Бағытжанов, Бексұлтан Аққозы және Богдан Нурбауылов болса, «ORTA» блогерлер командасы сапынан Әнуарбек Мағзұм мергендігімен көзге түсті.

Тартысқа толы кездесудің қорытындысы бойынша «Ассамблея жастары» құрамасы «ORTA» блогерлер командасын 3:1 есебімен жеңді. Бұл кеш спорттағы бәсекемен қатар бірлік, достық және командалық рухтың жарқын көрінісіне айналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.