01info.kz- ақпараттық портал

Астанада тұңғыш рет боччадан Әлем кубогының кезеңі өтеді

фото: Астана әкімлігі сайты
0 162

Елордада үстіміздегі жылдың 1-9 маусым күндері аралығында тұңғыш рет беделді халықаралық «Astana 2026 World Boccia Cup» турнирі жалауын желбіретеді. Астана әкімдігінің ресми сайты таратқан мәліметке сүйенсек, бұл ресми рейтингтік жарыстар жүйесіне кіретін және алдағы Лос-Анджелес Паралимпиада ойындарына іріктеудің ең маңызды кезеңі саналатын боччадан Әлем кубогының шешуші кезеңі болып табылады. Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырып отырған бұл ауқымды дода елдің 2026 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың Бірыңғай күнтізбелік жоспарына ресми түрде енгізілген және ол заманауи «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені базасында жалауын көтереді.

Айтулы Әлем кубогында Қазақстан, Бразилия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Франция, Португалия секілді әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 24 елдің өкілдері бақ сынайды. Осы орайда елорда төріне әлемнің ең мықты 92 параспортшысымен қатар, оларға ілесіп жүретін 143 маман мен делегация мүшелері келеді деп күтілуде. Өз үйімізде өтетін жауапты кезеңде ел намысын 10 үздік спортшымыз қорғайтын болады және олардың қатарында Астана қаласының намысын жыртқалы отырған Итиана Шыңғысханова, Темірлан Алтынсары және Ерхат Алмат есімді саңлақтарымыз бар. Ұйымдастыру комитетінің мәлімдеуінше, мұндай ауқымды доданы жоғары деңгейде өткізу Қазақстанның паралимпиадалық спорт саласындағы халықаралық имиджін нығайтуға әрі еліміздің ең ірі әлемдік старттарға ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық дайындығының қаншалықты жоғары екенін паш етуге тамаша мүмкіндік береді.

Бұл ірі спорттық жоба ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ, «Sport Qory» туризм және спорт индустриясын қолдау қоры, Eurasian Resources Group (ERG), KAZ Minerals, Kinopark сияқты және басқа да ірі демеушілер мен серіктестердің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Жарыстың ресми бекітілген бағдарламасына сәйкес, 1 маусым күні командалардың келуі, алғашқы жаттығулар мен жабдықтарды тексеруден тұратын классификациялық кезең өтсе, келесі күні, яғни 2 маусым сағат 18:00-де турнирдің салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылады. Одан кейінгі 3-6 маусым аралығында спортшылар жекелей сында бақ сынап, 6 маусымда осы бағдарлама бойынша үздік шыққан жеңімпаздар марапатталады, ал дәл осы күннен бастап 8 маусымға дейін жұптық және командалық жарыстар өрбіп, 8 маусымда бұл разрядтар бойынша да жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтеді, содан соң 9 маусым күні барлық шетелдік делегациялар өз елдеріне аттанады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.