Елордадағы «Қазанат» ипподромында 11-12 шілде күндері өткен «BaiQymyz-2026» халықаралық гастрономиялық фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Екі күнге созылған шараға 70 мыңнан астам қонақ қатысып, 56 тонна қымыз ұсынылды. Фестиваль барысында қонақтар Қазақстан мен Ресей Федерациясынан келген өндірушілердің өнімдерінен дәм татып, ұлттық тағамдарды әзірлеу шеберлік сабақтарына қатысты. Келушілердің ерекше қызығушылығын халықаралық қымыз байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ ату сияқты ұлттық спорт түрлері, жылқылар шеруі, қолөнер шеберлерінің көрмесі және танымал өнерпаздардың концерті тудырды.
Фестивальдің басты оқиғасы – ұлттық сусынды дәріптеуге арналған ауқымды байқаудың қорытындысы болды. Қатысушылар қымыздың сапасы, дәмі, дайындалу ерекшелігі мен дәстүрге сәйкестігі бойынша сынға түсті. Байқаудың Гран-При иегері атанып, үздік деп Ақмола облысы, Бурабай ауданының «Qymyznai Qymyzy» өнімі танылды. Сондай-ақ «Ем қымыз» номинациясында Ұлытау облысының «Баянның бал қымызы», ал «Халық таңдауы» номинациясында Қарағанды облысының «Теректінің текті қымызы» алтын жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, «Алтын күбі», «Алтын саба», «Алтын шара» және тағы басқа арнайы номинациялар бойынша үздік өндірушілер марапатталды.
Фестивальдің маңызды ерекшелігі – мәдени-көпшілік сипатымен қатар экологиялық мәдениетті насихаттауында болды. Шара соңында келушілер еріктілермен бірлесіп, «Қазанат» ипподромы аумағында экологиялық акция өткізді. Олар аумақты тазалау жұмыстарын жүргізіп, көпшілік жиналған орындарда тазалықты сақтау және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру бойынша үлгі көрсетті. Осылайша, «BaiQymyz-2026» фестивалі ұлттық мұраны дәріптеу мен қонақжайлылықты экологиялық мәдениетпен ұштастырған маңызды шараға айналды.
Дереккөз: Астана қ.әкімдігі баспасөз қызметі