«Cathay» әуе компаниясы Қазақстанға тұрақты жүк және жолаушылар рейстерін ашуды жоспарлап отыр. Бұл маңызды бастама Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен «Cathay» әуе компаниясының Таяу Шығыс өңірі бойынша менеджері Оливер Коэльо арасындағы кездесуде талқыланды.
Келісімге сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыздан бастап «Боинг-747» әуе кемелерімен Астана қаласына аптасына 5 рейске дейін тұрақты жүк тасымалы іске қосылады. Ал 2027 жылғы қаңтардан бастап Гонконг – Алматы бағыты бойынша «Эйрбас-330» әуе кемелерімен аптасына 3 рет тұрақты жолаушылар рейсі ашылады. Салтанат Томпиева Қазақстан тарапы аталған жобаларды іске асыруға барлық қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін растады. Тараптар жүк және жолаушылар рейстерін ашу үшін барлық рәсімдерді бірлесіп жалғастыруға және әуе қатынасын дамыту бойынша тығыз ынтымақтастықты сақтауға келісті.
Жаңа бағыттар сауда-экономикалық және туристік байланыстарды кеңейтіп, логистикалық мүмкіндіктерді арттырады. Айта кетейік, «Cathay» – Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы, ол 237 әуе кемесі арқылы 100-ден астам бағытта жолаушылар тасымалдайды. Сондай-ақ, компанияның жүк тасымалы бөлімшесі – Cathay Cargo 41 бағыт бойынша қызмет көрсетіп, жыл сайын 1,67 миллион тоннадан астам жүк тасымалдау арқылы әлемдегі жетекші әуе жүк операторларының қатарына кіреді.
Дереккөз: https://t.me/kolikpress