Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа қаулысымен елімізде алғаш рет қан донорларына арналған «Құрметті донор» ведомстволық марапаты тағайындалды. Бұл бастама өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүрген жандардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындаудың және тарихи әділдікті орнатудың маңызды қадамына айналды.
Марапаттың алғашқы иегерлері ретінде бекітілген талаптарға сай келетін 481 тұрақты донор таңдалып алынды. Жаңа төсбелгі Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ елімізде тұрақты немесе уақытша жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі. Басты шарт — донорлықтың өтеусіз негізде жүзеге асырылуы. Нақтырақ айтқанда, қан немесе тромбоцит донорлығын кемінде 40 рет, ал қан плазмасының донорлығын кемінде 70 рет тапсырған азаматтар осы мәртебелі белгіге ие бола алады.
Төсбелгінің дизайны терең символикалық мағынаға ие және Қазақстан Республикасы Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясының мақұлдауынан өткен. Оның ортасындағы қанық қызыл түсті қан тамшысы өмірдің символы ретінде алынса, ішіндегі ақ эмальмен бейнеленген жүрек соғысының ырғағы — адам өмірінің жалғасын білдіреді. Композицияны сыртынан дөңгелек жиек қоршап тұр. Марапаттарды дайындаумен Қазақстан теңге сарайы айналысады.
дереккөз: ДСМ