Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысуы туралы ақпарат беру жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер дайындады. Жоба қызмет көрсету тәртібін жетілдіруге және сақтандыру мәртебесі мен жүргізілген аударымдар туралы мәліметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл мемлекеттік қызмет азаматтарға өздерінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесі, сақтандыру кезеңдері, сондай-ақ өздері үшін аударылған жарналар мен аударымдар туралы шынайы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.
Қызметті eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық форматта алуға болады. Бұл азаматтарға мемлекеттік органдарға жеке барудың қажетінсіз, кез келген ыңғайлы уақытта өз сақтандыру мәртебесін және жүргізілген төлемдер туралы мәліметтерді тексеруге мүмкіндік береді.
Бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 17,5 миллион азамат қатысуда. МӘМС жүйесі сақтандырылған азаматтарға төленген жарналардың мөлшеріне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, медициналық көмектің кең спектріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Тізбеге профилактикалық тексерулер, консультациялық-диагностикалық көмек, амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық көмек, жоғары технологиялық медициналық көмек, медициналық оңалту және қолданыстағы заңнама шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді.
Дереккөз: ДСМ