Бүгінде Қазақстан қоғамдық-саяси дамудың аса маңызды кезеңдерінің бірін бастан өткеріп отыр. Конституциялық реформа, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту, жаңа қоғамдық институттарды қалыптастыру – осы үдерістердің барлығын біріктіретін ортақ мақсат – мемлекет пен қоғам серіктестік қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру.
Алайда кез келген саяси реформаның табысы заңнаманың жетілдірілуімен немесе мемлекеттік институттардың тиімділігімен ғана өлшенбейді. Бұдан да маңыздысы – қоғамдағы өзара сенім деңгейі, азаматтардың сындарлы диалог жүргізе білуі, бір-бірінің пікіріне құрметпен қарап, туындаған мәселелерді бірлесіп шеше алу мәдениеті.
Сондықтан бүгінгі таңда медиацияның маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Бірнеше жыл бұрын медиация негізінен азаматтық-құқықтық дауларды соттан тыс реттеудің баламалы тәсілі ретінде қабылданса, бүгінде оның мәні әлдеқайда кеңейді. Медиация қоғамдық қайшылықтардың алдын алудың, қоғамдық келісімді нығайтудың және бейбіт диалог мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігіне айналып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік пен ынтымақ әрдайым мемлекеттік саясатымыздың басты құндылығы әрі өзгермейтін бағдары болып қала береді» деп бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл тұжырым бүгінде ерекше өзектілікке ие. Өйткені адамдар арасындағы сенім – саяси және қоғамдық реформалардың табысты жүзеге асуының басты алғышарттарының бірі.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекеттен» – бірін-бірі тыңдай алатын қоғамға
Соңғы жылдардағы мемлекеттік саясаттың маңызды бастамаларының бірі – Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштері мен сұраныстарына жедел ден қойып, қоғаммен ашық диалог орнатуы және шешімдерді қоғамдық пікірді ескере отырып қабылдауы.
Алайда толыққанды диалог тек мемлекеттің күш-жігерімен ғана қалыптаспайды.
Егер мемлекет халықтың үнін естуге тиіс болса, қоғамның өзі де бір-бірін тыңдай білуді үйренуі қажет.
Дәл осы тұста медиацияның орны айқын көрінеді.
Медиация – кінәліні іздеуге емес, өзара тиімді шешім табуға негізделген қарым-қатынас мәдениеті. Ол адамдарды бір-бірінен басым түсуге емес, қарсы тараптың мүддесін түсінуге, ортақ мәмілеге келуге және сенімге негізделген қарым-қатынас орнатуға үйретеді.
Сондықтан медиация «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табиғи түрде толықтырады. Ол отбасыда, еңбек ұжымдарында, білім беру ұйымдарында, жергілікті қауымдастықтарда, әртүрлі этностар мен дін өкілдері арасында диалог мәдениетін қалыптастырады. Осындай қоғамдық капитал ғана қазіргі заманның сын-қатерлері жағдайында мемлекеттің орнықты дамуының берік негізіне айналады.
Медиация – қоғамдық тұрақтылыққа салынған инвестиция
Қазіргі әлем қарқынды өзгеруде. Жаһандану, цифрландыру, ақпараттың лезде таралуы және әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы қазіргі қақтығыстардың табиғатын түбегейлі өзгертті.
Бұрын даулар көбіне жекелеген адамдардың арасында туындап, олардың өзара қарым-қатынасы аясында ғана шектелетін болса, бүгінде жергілікті деңгейдегі кез келген жанжал санаулы сағаттың ішінде ақпараттық кеңістікке тарап, қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін.
Осындай жағдайда жанжалдардың алдын алудың маңызы бұрынғыдан да арта түседі.
Медиация ықтимал қайшылықтарды ашық қақтығысқа ұласпай тұрып анықтауға және шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан әлемнің көптеген елдерінде ол дауларды шешу тәсілі ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.
Қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты басты құндылықтарының бірі ретінде айқындаған Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше маңызға ие.
Осыған орай Мемлекет басшысы кез келген келіспеушілік құқықтық алаңда, ашық диалог пен өзара құрмет қағидаттары негізінде шешілуі тиіс екенін бірнеше мәрте атап өтті.
Сандардың ар жағында – нақты адам тағдырлары тұр
Осы бағыт жүзеге асырылған жылдар ішінде Қазақстанда медиацияны дамытуға арналған толыққанды инфрақұрылым қалыптасты.
Еліміздің барлық өңірлеріндегі Достық үйлерінің жанынан әуелі медиация кабинеттері, кейін медиация орталықтары ашылды. Республикалық және өңірлік 20 Медиация кеңесі құрылып, олардың қызметін реттейтін ережелер қабылданды. Сондай-ақ соттармен, мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен және азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.
Сонымен қатар ауқымды ақпараттық-түсіндіру және ағартушылық жұмыстар жүргізілді.
Бүгінде 50 мыңнан астам адам медиация дағдыларын меңгерді. Республика бойынша 30 мыңнан астам конференция, семинар, дөңгелек үстел, қоғамдық қабылдау, ашық есік күндері мен ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, оларға 800 мыңнан астам азамат қатысты.
Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «Елдесу және татуласу» қоғамдық жобасы. Жоба іске асырылған жылдары ол медиацияны насихаттайтын алаң ғана емес, қоғамда татуласу мәдениетін қалыптастырып, жанжалдардың алдын алуға бағытталған тиімді қоғамдық институтқа айналды. Оның аясында еліміздің барлық өңірінде медиация орталықтарының жұмысы жанданып, кәсіби медиаторлар қауымдастығы нығайып, азаматтардың дауларды сотқа жеткізбей шешуге деген қызығушылығы едәуір артты.
Дегенмен, бұл жұмыстың басты көрсеткіші өткізілген іс-шаралардың саны емес.
Ең маңызды нәтиже – азаматтардың медиацияны дауларды өркениетті жолмен шешудің тиімді құралы ретінде қабылдап, оған деген сенімінің артуы.
2016–2024 жылдар аралығында медиация орталықтарына 150 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Олардың шамамен 60 пайызы медиативтік келісім жасаумен аяқталса, қалған даулар консультациялық кезеңнің өзінде-ақ оң шешімін тапты.
Бұл статистиканың әрбір санының артында сақталған отбасылар, қайта қалпына келген тату көршілік қарым-қатынастар, алдын алынған еңбек және қоғамдық жанжалдар, ұзақ сот процестері мен өзара айыптауларсыз ортақ мәмілеге келе алған адамдардың тағдырлары тұр.
Диалог мәдениеті – Әділетті Қазақстанның негізі
Бүгінде Қазақстандағы медиация жаңа даму кезеңіне қадам басты. Егер алғашқы кезеңнің негізгі міндеті медиация институтын қалыптастыру және оның мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру болса, ендігі басты мақсат – қоғамда тұрақты диалог мәдениетін орнықтыру.
Медиацияның келешектегі дамуы ең алдымен қоғамдық сенімді нығайтумен тығыз байланысты. Медиация қағидаттары тек дауларды шешу барысында ғана емес, мемлекеттік органдардың қызметінде, білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында, жергілікті қауымдастықтарда және жастар ортасында күнделікті тәжірибеге айналуы маңызды.
Алдағы уақытта мектеп медиациясы мен отбасылық медиацияны дамытуға, медиаторлардың кәсіби біліктілігін арттыруға, консультациялық жұмыстың заманауи цифрлық құралдарын енгізуге және өңірлердегі профилактикалық жұмысты күшейтуге ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Сонымен қатар этномедиацияны дамыту да этносаралық келісімді нығайту мен жанжалдардың алдын алудың тиімді тетігі ретінде өзекті болып қала береді.
Әділетті Қазақстанды құру бағытын іске асыру жағдайында медиация дауларды шешудің баламалы рәсімі ғана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыратын және қоғамдық келісімді сақтауға ықпал ететін стратегиялық қоғамдық ресурсқа айналып отыр.
Түптеп келгенде, әділетті мемлекетті тек заңдар мен мемлекеттік институттардың күшімен құру мүмкін емес. Оның берік іргетасы – адамдар арасындағы сенім, өзара құрмет және бір-бірін тыңдай білу мәдениеті.
Сондықтан бүгінгі таңда медиация – тек жанжалдарды шешудің тиімді құралы ғана емес, Қазақстанда қалыптасып келе жатқан жаңа қоғамдық мәдениеттің, яғни диалог, келісім және ортақ жауапкершілік мәдениетінің ажырамас бөлігі.
Талшын ИТАЛИЕВА,
ҚХА құрылымдарымен жұмыс және жобаларды іске асыру басқармасының бас сарапшысы, кәсіби медиатор, тренер
“Қоғамдық келісім” РММ