Орал қаласының Мәдениет және демалыс саябағында армян халқының ұлттық Вардавар мерекесі кең көлемде аталып өтті. Мерекелік іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, армян халқының мәдениеті мен салт-дәстүрімен танысты.
Вардавар – армян халқының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ұлттық мерекелерінің бірі. Ол жаңару, рухани тазару, мейірімділік пен бірліктің символы саналады. Мерекенің басты ерекшелігі – бір-біріне су шашу дәстүрі. Халықтық наным бойынша бұл игі дәстүр жыл бойы бақ-береке мен жақсылық әкеледі.
Іс-шара барысында ұлттық әндер мен билерден құралған концерттік бағдарлама ұсынылып, қонақтарға армян халқының дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Вардавар мерекесі әртүрлі ұлт өкілдерін бір алаңға жинап, достықты, өзара сыйластықты және мәдени мұраны дәріптеген тағылымды мерекеге айналды.