01info.kz- ақпараттық портал

КОНСТИТУЦИЯ – ҚОҒАМ МЕН МЕМЛЕКЕТ АРАСЫНДАҒЫ СЕНІМНІҢ НЕГІЗІ

0 124

Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында кәсіби медиаторлардың қатысуымен «Конституция – қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға кәсіби медиаторлармен қатар, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың төрағалары, қоғам белсенділері және құқықтық мәдениетті дамытуға мүдделі азаматтар қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңызын кеңінен түсіндіру, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтудағы медиация институтының рөлін талқылау, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған өзара пікір алмасу болды.

Кездесу барысында қатысушылар Конституцияның мемлекеттің негізгі құқықтық тірегі ғана емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екеніне ерекше тоқталды. Сонымен қатар заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық келісімді сақтау, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері жан-жақты сөз болды.

Іс-шарада сөз сөйлеген кәсіби медиатор Дана Кенжеқұлова Конституция мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің берік негізі екенін атап өтті.

«Конституция – бұл заңдардың жиынтығы ғана емес, қоғамдағы тұрақтылықтың, әділеттіліктің және азаматтардың тең құқықтарының кепілі. Қоғамдағы кез келген дау мен келіспеушілікті заң аясында, өзара түсіністік пен келісім арқылы шешу – өркениетті қоғамның басты белгісі. Медиация институты осы құндылықтарды жүзеге асыруға қызмет етеді және қоғамдағы татулықты сақтаудың тиімді тетігі болып табылады», – деді Дана Ақәділқызы.

Басқосу барысында медиация институтының қазіргі қоғамдағы орнына ерекше назар аударылды. Қатысушылар дауларды сотқа дейін реттеу тетіктерін кеңінен қолданудың, өзара диалог мәдениетін қалыптастырудың және азаматтар арасындағы сенім деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен кәсіби медиаторлардың құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне тоқталып, бұл бағыттағы өзара ынтымақтастықты күшейту қажеттігі айтылды.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар Конституцияның қоғамдағы бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне қатысты пікір алмасты. Сонымен қатар құқықтық мәдениетті арттыру, медиация институтын дамыту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын күшейту бағытында бірқатар ұсыныстар ортаға салынып, мұндай кездесулерді тұрақты өткізу қажеттігі атап өтілді.

Іс-шара қоғамда заңға құрметті қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды пікірталас алаңына айналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.