Қазіргі кезеңде қоғамның орнықты дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, азаматтардың құндылықтар жүйесімен, қоғамдық жауапкершілігімен және ұрпақтар сабақтастығымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда өңірлердегі Ақсақалдар кеңестерінің қызметі ерекше маңызға ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөздерінде тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділеттілік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік сияқты іргелі құндылықтарды жаңа қоғамдық сананың негізі ретінде айқындады. Бұл қағидаттар бүгінде Ақсақалдар кеңестерінің жұмысының да негізгі өзегіне айналып отыр.
Ақсақалдар кеңесі – тек ақыл-кеңес айтатын қоғамдық құрылым емес. Бұл – өмірлік тәжірибе мен ұлттық дүниетанымды кейінгі ұрпаққа жеткізетін, қоғамдағы келісім мен өзара сенімді нығайтатын қоғамдық институт. Оның қызметі жастар тәрбиесінен бастап қоғамдық келісімді нығайтуға, халықпен ашық диалог орнатуға және ел ішінде өзекті мәселелерді шешуге дейінгі ауқымды бағыттарды қамтиды.
Бүгінде республика бойынша 1 300 жуықАқсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Құрамында 7 800 астам мүшесі бар бұл қоғамдық құрылым елдің барлық өңірінде тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, қоғамдық бастамаларды қолдап келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартысында кеңестердің ұйымдастыруымен 1 700 астам іс-шара өткізіліп, оған 82 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар тұрғындар көтерген 206 мәселе қаралып, мемлекеттік органдарға 85 ұсынымжолданды.
Ақсақалдар кеңестерінің басты міндеттерінің бірі – жастардың бойында «Адал азамат» қағидаттарын қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыс дәріс оқумен немесе кездесу өткізумен ғана шектелмейді. Ақсақалдар жастармен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, адалдықтың, әділеттіліктің, патриотизмнің, еңбекқорлықтың және жауапкершіліктің өмірдегі нақты маңызын түсіндіреді. Кездесулерде Абай, Шәкәрім, Әл-Фараби, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы сынды ойшылдардың тағылымы мен Президенттің Ұлттық құрылтайда айтқан құндылықтары сабақтастырыла насихатталады.
Бүгінде мұндай кездесулер мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, әскери бөлімдерде, еңбек ұжымдарында ұйымдастырылып келеді. Ашық пікір алмасу форматы жастардың қоғамдағы орны, азаматтық жауапкершілігі, заңға құрметі және ел тағдырына бейжай қарамауы сияқты маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Өңірлердегі тәжірибе жастардың ақсақалдармен еркін әңгімелесуге қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетіп отыр.
Ақсақалдар кеңесі жастармен ғана емес, олардың тәрбиесіне ықпал ететін орта қалыптастыруға да басымдық береді. Педагогтермен, ата-аналармен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, мәдениет және спорт қайраткерлерімен өткізілетін кездесулердің мақсаты – жастарға дұрыс құндылықтарды бірге жеткізу. Өйткені бүгінгі қоғамда баланың тәрбиесіне тек отбасы немесе мектеп емес, оны қоршаған барлық орта ықпал етеді.
Қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіретін әлеуметтік мәселелердің алдын алу да кеңестер жұмысының маңызды бағытына айналды. Осы ретте Ақсақалдар кеңестері Аналар кеңесімен бірлесіп, «Салауатты сана» жобасын іске асыруға белсенді қатысуда. Президент Ұлттық құрылтайда ерекше назар аударған бес әлеуметтік кесел – нашақорлық, ойынқұмарлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықтың алдын алу мақсатында жастармен, ата-аналармен және еңбек ұжымдарымен бірлескен кездесулер ұйымдастырылып келеді. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – әлеуметтік кеселдердің салдарын түсіндіру ғана емес, жастардың бойында жауапкершілік, құқықтық мәдениет, қоғамдық мүлікке құрмет және салауатты өмір салты құндылықтарын қалыптастыру.
Ақсақалдар кеңесінің қызметіндегі тағы бір маңызды бағыт – қоғамдық келісімді нығайту. Этномәдени бірлестіктермен, Аналар кеңесімен, жастар ұйымдарымен және мемлекеттік органдармен бірлескен жобалар арқылы қоғамдағы өзара құрмет, азаматтық бірегейлік және ұрпақтар сабақтастығы идеялары кеңінен дәріптелуде. Әсіресе «Даналық көпірі» жобасы халық пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалог алаңына айналып, тұрғындардың өзекті мәселелерін көтеруге және оларды шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде Ақсақалдар кеңесінің қызметі қоғамдық шаралар өткізумен ғана шектелмейді. Ол қоғамдық пікір қалыптастыратын, жастарға бағыт-бағдар беретін, ұлттық құндылықтарды заманауи қоғам талабымен ұштастыратын және азаматтық жауапкершілікті нығайтатын маңызды қоғамдық институт ретінде дамып келеді. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесін жаңа буынның білімге, еңбекке және елге қызмет етуге деген ұмтылысымен сабақтастыру – кеңес қызметінің басты миссиясы. Осындай сабақтастық қоғамдағы тұрақтылықтың, бірліктің және ел болашағының берік негізі болып қала береді.
Ержан Ерсайынұлы,
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы