01info.kz- ақпараттық портал

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ: ІЛЕ АУДАНЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАСТАР МӘШРАБЫ ӨТТІ

0 220

Алматы облысының Іле ауданында Жаңа Конституцияға арналған республикалық жастар мәшрабы өтті. Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен келген 300-ден астам жас қатысты. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрге негізделген басқосуда қатысушылар қазақстандық жастардың болашағы, олардың ел дамуына қосар үлесі және Жаңа Конституция жағдайындағы қоғамдағы рөлі туралы пікір алмасты.

Жиында Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайрыев баяндама жасады. Ол Конституция мәтінінің 84 пайызына өзгерістер енгізілгенін, бұл реформалардың еліміздің жаңарған саяси жүйеге көшуінің маңызды кезеңі болғанын атап өтті.

Жаңа Конституцияны қолдау мақсатында Алматы қаласы бойынша Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы және Ұйғыр жастары бірлестігі филиалының төрағасы Махмутжан Мансұров, Алматы облыстық филиалының төрағасы Аркен Жұмаев және Алматы қаласының Наурызбай аудандық филиалының төрағасы Бахтияр Исмаилов сөз сөйлеп, жастарды елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуға шақырды.

Дәстүр бойынша мәшрапты оның бас бәгі, республикалық жастар мәшрабының төрағасы Руфат Аблизов ашты. Ол барлық қазақстандықтар 1 шілдеден бастап республикалық референдум нәтижесінде қабылданған Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен бірге ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басатынын айтты.

Мәшрап – ұйғыр халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани-мәдени институты, этикалық әрі эстетикалық тәрбие мектебі. Дәстүр бойынша оған ер азаматтар қатысады. Мұнда жастардың өнері мен шығармашылық қабілеттері шыңдалып, тәртіпке, жауапкершілікке және үлкенді құрметтеуге тәрбиеленеді.

Ұйғыр халқында «Әуелі ұлыңды мектепке бер, содан кейін мәшрапқа бер» деген нақыл сөз бар. Бұл тәмсілдің мәні – мәшраптың жастарға ұлттық салт-дәстүрді қастерлеуді, үлкенге ізет көрсетуді, өзара сыйластық пен қоғамдық ортада өзін лайықты ұстау мәдениетін үйрететін өмір мектебі екендігін білдіреді.

Іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.