01info.kz- ақпараттық портал

ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРГЕ КОНСТИТУЦИЯ ТАБЫСТАЛДЫ

0 195

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енеді. Осы тарихи күн қарсаңында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне жаңа Конституцияның арнайы басылымдарын салтанатты түрде табыстады.

Іс-шараға қатысушылардың әрқайсысына Президенттің жеке үндеуі қоса берілген Конституция данасы ұсынылды. Өз жолдауында Мемлекет басшысы олардың адал еңбегі мен Әділетті Қазақстанды құру жолындағы үлесіне шынайы ризашылығын білдірді.

«Конституцияда бекітілген мызғымас құндылықтар мен қағидаттар халықтың әл-ауқатының артуына және еліміздің жан-жақты дамуына қызмет етеді деп сенемін. Мемлекетіміздің тұғыры берік, Тәуелсіз Қазақстанымыздың мерейі үстем болсын», – делінген Президенттің үндеуінде.

Кездесуде Аида Балаева жаңа Конституция қазақстандық қоғамның іргелі құндылықтары мен даму бағдарын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті.

Сондай-ақ вице-премьер жаңадан құрылатын консультативтік-кеңесші орган – «Қазақстан Халық Кеңесінің» қызметіне тоқталды. Оның құрамының үштен бірін еліміздегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері құрайды. Қалған мүшелер үкіметтік емес ұйымдар мен мәслихаттар арасынан тепе-теңдік қағидаты бойынша жасақталады.

Осылайша, «Қазақстан Халық Кеңесі» «Халық үніне құлақ асатын» әрі Әділетті мемлекет қағидаттарына негізделген қоғамдық диалогты дамытуға ықпал ететін жаңа әрі бірегей қоғамдық институтқа айналады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.