01info.kz- ақпараттық портал

БУРАБАЙДАҒЫ ВОКЗАЛ ЖАҢАРТЫЛДЫ

0 193

Ақмола облысының Бурабай ауданында ауқымды жаңғыртудан өткен «Бурабай курорты» теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Бұл – жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған республикалық теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында толық жаңартылған Ақмола облысындағы алғашқы вокзал.

1988 жылы салынған ғимарат алғаш рет кешенді түрде қайта жаңғыртылды. Жоба аясында инженерлік желілер толық ауыстырылып, шатыр мен қасбет жаңартылды, заманауи желдету, кондиционерлеу, бейнебақылау және дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылды. Сонымен қатар жолаушылар платформалары мен вокзал маңы абаттандырылып, көгалдандырылды.

Жаңғырту барысында ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілді. Санитарлық бөлмелер бірінші қабатқа көшіріліп, заманауи лифттер орнатылды, билет кассалары да жаңартылды.

«Курорт-Бурабай» вокзалы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңғыртылатын Қазақстандағы 120-дан астам вокзалдың қатарына кіреді. Ақмола облысында мұндай жұмыстар 16 нысанда жүргізілуде.

Жаңартылған вокзал бір мезетте 300 жолаушыны қабылдай алады. Күніне мұнда орта есеппен 1,5 мың адамға қызмет көрсетілсе, жазғы маусымда бұл көрсеткіш 2 мыңнан асады.

Жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын жетілдіріп қана қоймай, Бурабайдың туристік әлеуетін арттыруға және тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.