Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында жаңғыртудан өткен Щучинск қаласының экосаябағында болды.
Мемлекет басшысын саябақта жас домбырашылар қарсы алып, күй орындады. Олар Ұлттық домбыра күніне дайындық қызу жүріп жатқанын айтып, ашық аспан астындағы репетицияларын көрсетті.
Жаңартылған экосаябақ бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған. Мұнда серуендеуге, спортпен шұғылдануға және отбасылық демалыс өткізуге барлық жағдай жасалған.
Сапар барысында Президент Burabay Arena спорт сарайын да аралап, үстел теннисі залын, бассейнді және жаттығу залдарын көрді. Кешенде спорттың алты түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді.
Мемлекет басшысына өңірдегі спорт пен туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар мен алдағы жобалар таныстырылды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының танымал спортшыларымен кездесіп, олар отандық спортқа көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, жұмыс сапары аясында Президент Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге автобус сыйға тартып, оқу орнында ұсынылған заманауи отандық әскери әзірлемелермен және цифрлық IT-платформалармен танысты.