Маңғыстаудың таңғажайып табиғаты әлемдік деңгейдегі кино алаңына айналды. Өңірде аты аңызға айналған актер Джеки Чанның қатысуымен өтіп жатқан «Доспехи Бога 4: Ультиматум» халықаралық фильмінің түсірілім жұмыстары басталып кетті. Бұл ауқымды жобаны Sәlem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары бірлесіп жүзеге асыруда.
Түсірілім тобы фильмнің ең маңызды әрі экшн көріністері үшін Маңғыстаудың інжу-маржаны — әйгілі Бозжыра шатқалын таңдаған.
7-12 маусым аралығында 35 маманнан тұратын халықаралық шығармашылық топ аталған аумақта белсенді жұмыс істеп, алғашқы кадрларды таспаға басып үлгерді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай түсірілім тобымен арнайы кездесіп, жобаға аймақ тарапынан толық қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесуде өңірдегі креативті индустрияны өркендету, жастарға арналған сапалы медиаконтент жасау және Маңғыстаудың мәдени-туристік әлеуетін әлемге таныту жоспарлары талқыланды.
«Маңғыстау — кино саласындағы кез келген ауқымды идеяны жүзеге асыруға сұранып тұрған бірегей өңір. Мұндай халықаралық жобалар аймақтың туристік тартымдылығын арттырып, оны әлемдік деңгейде насихаттауға зор мүмкіндік береді», — деп атап өтті Нұрдәулет Қилыбай.
Джеки Чанның қатысуымен өтетін бұл туынды отандық киноиндустрия үшін де, туризм үшін де үлкен серпіліс болмақ. Миллиондаған көрермен тамашалайтын кинофильм арқылы Маңғыстаудың ғажайып табиғаты жаһан жұртшылығына танылып, аймаққа келетін шетелдік туристер мен инвестиция ағынын арттыруға септігін тигізеді.
Фильмнің түсірілім жұмыстары осы жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған. Ал киносүйер қауым «Доспехи Бога 4: Ультиматум» туындысын 2027 жылдың ақпан айында үлкен экрандардан тамашалай алады.
Дереккөз: Маңғыстау әкімдігі баспасөз қызметі