01info.kz- ақпараттық портал

Қазақстан қалай Еуразияның жасанды интеллект хабына айналады?

картина ЖИ
0 25

Қазақстанның IT нарығында елімізді жаһандық цифрлық картаның орталығына шығаратын тарихи оқиға орын алды. Үкімет әлемдік технологиялық алпауыттар NVIDIA және Firebird компанияларымен жалпы құны $10 миллиардты құрайтын стратегиялық келісімдер пакетіне қол қойды.

Бұл ауқымды инвестиция Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасына бағытталып, елімізде NVIDIA GB300 және Vera Rubin секілді ең соңғы буынның 100 мың GPU-чиптері негізіндегі алғашқы есептеу кластерін құруға мүмкіндік береді.

Осылайша, Қазақстан қазіргі заманғы ең күрделі генеративті жасанды интеллект модельдерін оқытуға қажетті орасан зор суперкомпьютерлік қуатқа ие болмақ. Жобаның негізгі іргетасы ретінде Екібастұз өңіріндегі мол энергия ресурстары мен электр қуатының бәсекеге қабілетті бағасы таңдалды. Қазірдің өзінде қолжетімді 300 МВт қуат алдағы уақытта кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін ұлғайтылатын болады.

Сарапшылардың болжамы бойынша, бұл цифрлық инфрақұрылым толық іске қосылған жағдайда ел экономикасына жылына кем дегенде $3 миллиард көлемінде экспорттық кіріс әкеліп, Қазақстанды жаңа «ЖИ-токендер экономикасының» негізгі платформасына айналдырады. Мемлекет басшысының шешімімен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланып, жаңа ғана «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы қабылданған болатын.

Ендігі кезекте, 2027 жылы бұл жоба іске қосылған сәтте Қазақстан жасанды интеллект инфрақұрылымы бойынша әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына кіріп, Орталық Еуразиядағы ең ірі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нақты бекітеді.

Дереккөз: ЖИЦДМ

Leave A Reply

Your email address will not be published.