01info.kz- ақпараттық портал

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН МЕДИА ӨКІЛДЕРІ БІР АЛАҢДА

0 117

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Түркістан облысында журналистер мен блогерлер арасында ұлттық спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылды. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелерін біріктірген шара ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен кәсіби қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» өткен іс-шараға ақпарат саласының өкілдері, қоғам белсенділері мен ҚХА құрылымдарының мүшелері қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Ұласбекқызы Жанғазиева сөз сөйлеп, журналистер мен блогерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол ұлттық құндылықтарды насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше екенін атап өтті.

Шара аясында қатысушылар қазақ халқының дәстүрлі ойындары – асық ату мен тоғызқұмалақтан өзара сынға түсті. Асық ату сайысында мергендік пен ептілік сыналса, тоғызқұмалақ ойынында қатысушылардың логикалық ойлау қабілеті мен зияткерлік әлеуеті көрініс тапты. Тартысты өткен жарыстарда қатысушылар жоғары белсенділік танытып, достық пен өзара сыйластықтың үлгісін көрсетті.

Ұлттық спорт түрлері арқылы ұйымдастырылған мұндай шаралар мәдени мұраны жаңғыртып қана қоймай, түрлі сала өкілдерін ортақ мақсат төңірегінде біріктіруге ықпал етеді. Сонымен қатар, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, жастар арасында ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеуге мүмкіндік береді.

Іс-шара қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.

Ұлттық мұраны ұлықтаған тағылымды кездесу кәсіби мереке қарсаңында ақпарат саласы өкілдерінің басын қосып, олардың өзара ынтымақтастығын арттырған маңызды алаңға айналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.