01info.kz- ақпараттық портал

ШҚО-ДА «ШАҢЫРАҚ» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

0 53

Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында өңірдің талантты, бастамашыл әрі шығармашыл азаматтарын біріктірген облыстық «Шаңырақ» шығармашылық байқауының қорытындылау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Іс-шара мерекелік көңіл күй сыйлаған жарқын концерттік бағдарламамен ашылды. Байқауға қатысушылар мен қонақтарды ШҚО Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы басшысының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы Журналистер клубының өкілдері, «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері және Достық үйінің креативті тобы құттықтады.

Өз сөздерінде спикерлер «Шаңырақ» шығармашылық байқауының мәдени әралуандылықты дәріптеу, этносаралық келісімді нығайту, жалпыұлттық құндылықтарды насихаттау және шығармашылық әлеуетті дамыту жолындағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ қазіргі креативті жобалар мен медиаконтенттің қоғамдық келісім мәдениетін қалыптастырудағы, өзара құрмет пен бірлікті нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушылардың белсенді азаматтық ұстанымы мен мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі жоғары бағаланып, оларға шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тілегі білдірілді.

Байқау барысында ұсынылған бейнероликтер көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылардың тың идеялары, креативті көзқарасы мен жоғары шеберлігі қазылар алқасының оң бағасына ие болды. Жеңімпаздарды анықтау кезеңінде көрермендерге Достық үйінің шығармашылық ұжымдары мен этномәдени бірлестіктері дайындаған вокалдық және хореографиялық қойылымдар ұсынылды.

Байқау қорытындысы бойынша І орын Қасаинова Ару Наурызбекқызына бұйырды. ІІ орынды Оспанова Алина Мұратқызы иеленсе, ІІІ орын Плотникова Ирина Анатольевна мен Мацковская Елена Юрьевнаға берілді.

Салтанатты рәсім соңында барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

«Шаңырақ» шығармашылық байқауы талантты жастар мен белсенді азаматтардың шығармашылық бастамаларын қолдап қана қоймай, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды алаң ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.