Әкелер күніне орай Павлодарда 6679 және 5512 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілеріне арналған «Әке – отбасының тірегі» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны облыстық Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі өткізді.
Кездесудің мақсаты – жастар арасында отбасы құндылықтарын дәріптеу, әкенің қоғам мен отбасы өміріндегі маңызды рөлін насихаттау, сондай-ақ үлкенге құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Іс-шараны Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Светлана Шин жүргізді. Кездесу барысында Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің өкілдері әскери қызметшілермен отбасының маңызы, ата-ананы қадірлеу, әкенің тәрбиедегі орны мен жауапкершілігі туралы мазмұнды әңгіме өрбітті.
Кездесудің ерекше әсерлі сәттерінің бірі әскери қызметшілердің ата-аналарымен бейнеқоңырау арқылы тілдесуі болды. Олар әкелерін мерекемен құттықтап, қолдауы мен тәлім-тәрбиесі үшін шынайы алғыстарын жеткізді.
Іс-шара соңында қатысушыларға тәтті сыйлықтар табысталып, мерекелік көңіл күй сыйланды.
Мұндай кездесулер отбасы институтының құндылығын дәріптеп, жастардың бойында ата-анаға деген құрмет пен жауапкершілік сезімін нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.