01info.kz- ақпараттық портал

МЕДИА ЖӘНЕ БІРЛІК: АСТАНАДА ҚХА ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

0 452

2026 жылғы 23 маусымда Астана қаласындағы Достық үйінде Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күніне арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының отырысы өтті.

Кездесу тақырыбы медиа саласының жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне арналды. Іс-шараға ҚХА Журналистер клубының мүшелері, этностық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Қоғамдық келісім» РММ қызметкерлері, өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ-лерінің баспасөз қызметтері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Отырыс өңірлердегі Достық үйлерінің онлайн қосылуымен аралас форматта өтті.

Жиын модераторы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатвалдиев болды. Ол қоғамдық үдерістерді жауапты ақпараттық сүйемелдеудің маңызын атап өтіп, қоғамдық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін нығайту жолында медиа қауымдастық күш-жігерін біріктірудің өзектілігіне тоқталды.
Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бибігүл Жексенбай, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының өкілдері құттықтау сөз арнады.
Отырыс барысында қоғамдық келісім саласын ақпараттық сүйемелдеу, полиэтносты қоғамдағы ақпараттық мәдениетті арттыру, этностық БАҚ-ты дамыту және медиақауіпсіздікті нығайту мәселелері қаралды.
Астана қаласы ҚХА Журналистер клубы Медиа орталығының жетекшісі Равиль Валеев ақпараттық мәдениет пен медиакеңістіктегі кәсіби этика мәселелері бойынша баяндама жасады. Онлайн форматта республикалық «Жийана курд» газетінің редакторы Мурад Шамилов этностық бұқаралық ақпарат құралдарының даму перспективалары жөніндегі пікірімен бөлісті.
Іс-шара аясында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік құндылықтарын дәріптеуге елеулі үлес қосқан медиа қауымдастық өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан халқының бірлігін нығайту және қоғамдық диалогты дамыту мақсатында мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылын одан әрі күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.