Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген нәрестелерге ұлттық мұрамыз – домбыра сыйға тартылды.
Игі шара Түркістан облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өтіп, оған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ мамандары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Шара барысында жас аналар құттықталып, сәбилерге арнайы құттықтау хаттар мен домбыра табысталды. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің өкілдері жас отбасыларға ақжарма тілектерін айтып, нәрестелердің елін сүйетін, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін, рухы биік азамат болып өсуіне ақ баталарын берді.
Мұндай тағылымды бастамалар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың бойына төл мәдениетке деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді. Домбыра – қазақ халқының рухани мұрасы мен ұлттық бірегейлігінің символы. Сондықтан ұлттық мерекеде дүниеге келген сәбилерге домбыра тарту ету – ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын, ұлттық рухты ұлықтайтын игі дәстүрдің жарқын көрінісі.