Қазақстанда көлік инфрақұрылымын дамыту және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында еліміздің бірқатар өңіріндегі 30 теміржол вокзалы мен жолаушылар инфрақұрылымы нысандары толықтай реконструкцияланып, пайдалануға берілді. Бұл – еліміздегі соңғы жылдардағы ең ірі теміржол вокзалдарын жаңарту жобасы болып табылады.
Еліміздегі теміржол вокзалдарының басым бөлігі 1950–1970 жылдары салынған, ал кейбір ғимараттардың тарихы тіпті 80–100 жылдан асады. Айта кетерлігі, осы нысандардың шамамен 70 пайызы ондаған жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген еді. Жаңғырту барысында ғимараттардың қасбеті мен шатырлары жаңартылып, энергия үнемдейтін витраждар орнатылды. Сондай-ақ жылу, сумен жабдықтау, желдету, ауаны баптау, өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері заманауи талаптарға сай келтірілді. Маңыздысы, бұл жұмыстарда негізінен отандық өндіріс материалдары пайдаланылды.
Жоба барысында «кедергісіз орта» қалыптастыруға ерекше мән берілді. Вокзалдарда пандустар, лифтілер, бейімделген кіреберіс аймақтары мен санитарлық бөлмелер, тактильді жолақтар және арнайы кассалар орнатылды. Жолаушылардың жайлылығы үшін ана мен бала бөлмелері, медициналық пункттер мен сақтау камералары қарастырылып, үй-жайлар заманауи жоспарлаумен қайта жабдықталды. Кешенді жұмыстар тек ғимараттарды ғана емес, сонымен қатар жолаушылар платформалары мен вокзал маңындағы алаңдарды да қамтыды.
Жаңартылған нысандар Абай, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Алматы, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Павлодар өңіріндегі Ауыл, Белағаш, Курорт-Бурабай, Қонаев, Талдықорған, Шиелі, Риддер сынды және басқа да көптеген станцияларда ашылды. Көлік министрлігі бұл бағыттағы жұмыстарды болашақта да жалғастырып, еліміздің барлық өңіріндегі жолаушылар инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуды жоспарлап отыр.
Дереккөз: https://t.me/kolikpress