UFC-дің аса жеңіл салмақтағы қазақстандық файтері Асу Алмабаев (24-3) АҚШ өкілі Чарльз Джонсонды (19-9) мерзімінен бұрын жеңгеннен кейін өз дивизионының рейтингіндегі орнын жақсартты, деп хабарлайды Sports.kz.
Алмабаев пен Джонсон 27 маусымда Бакуде (Әзербайжан) өткен UFC Fight Night турнирінде кездескен болатын. Жекпе-жек нәтижесінде Асу үшінші раундта қарсыласын сабмишенмен жеңді. Ол оппонентіне сирек кездесетін «Сулоев созылуы» (растяжка Сулоева) әдісін жасап, Чарльзды берілуге мәжбүр етті.
Осы кездесуден кейін Асу Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингте жетінші орыннан алтыншы сатыға көтерілді. Ал жетінші орынға жапондық Кёдзи Хоригути сырғыды. 15-орында тұрған Чарльз Джонсон рейтингтен шығып қалды. Оның орнына үздік 15-тікке Джозеф Моралес енді.
Дивизион рейтингінің үздік үштігін Алешандре Пантожа, Манель Капе және Тацуро Таира құрап тұр. Ал чемпиондық белбеу Джошуа Ванға тиесілі.