Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz порталында жариялаған түсіндірмесіне сәйкес, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электрсамокаттарды пайдаланудың жаңа ережелері күшіне енеді. Енді әрбір жалға алынған самокатқа арнайы тіркеу нөмірі беріліп, жол ережесін бұзу жағдайлары бейнебақылау камералары арқылы анықталады, сондай-ақ әрбір пайдаланушы үшін сақтандыру полисі міндетті болады.
Кикшеринг компаниялары өз кезегінде техникалық жағдайды қадағалауға, жылдамдық пен орналасқан жерді бақылауға, белгіленген аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, құрылғылардың ретсіз қалдырылуын болдырмауға және қажетті деректерді ішкі істер органдарына жолдауға міндеттелді. Сервистік компаниялар жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың жолдың жүру бөлігіне шықпауын қатаң қадағалауы тиіс.
Жалпы ереже бойынша, электрсамокаттар ең алдымен велосипед жолымен немесе жолағымен қозғалуы керек, ал олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етіледі. Тротуардағы қозғалыс жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс, бірақ 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне толықтай тыйым салынады. Жол жиегімен жүруге тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және арнайы шлемі бар азаматтарға ғана рұқсат беріледі. Бұған қоса, самокатпен жолаушылар мен жүк тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз автокөлік жолына шығуға тыйым салынады.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов жолдағы қауіпсіздік әр адамның өзінен басталатынын ескертіп, азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.