Қазақстанда қайырымдылық қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналып, мемлекет, бизнес, этномәдени бірлестіктер, еріктілер мен мыңдаған жанашыр азаматтардың күш-жігерін біріктіретін маңызды бағыт ретінде қарқынды дамып келеді. Бұл бағытты дамытуда 2024 жылы қайырымдылық қызметін үйлестіру және әлеуметтік бастамаларды іске асырудың бірыңғай алаңы ретінде құрылған «Жомарт жан» орталықтарының рөлі ерекше.
Бүгінде елімізде Республикалық «Жомарт жан» орталығы және 20 өңірлік орталық жұмыс істейді. Олар 300-ден астам меценатты, қайырымдылық жасаушыларды, еріктілерді және этномәдени бірлестіктердің өкілдерін біріктіреді. Орталықтардың қызметі мұқтаж жандарға атаулы көмек көрсетуге, қайырымдылық пен мейірімділік мәдениетін дамытуға, еріктілер бастамаларын қолдауға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.
Орталықтардың құрылуы қайырымдылық қызметін жүйелеудегі маңызды қадам болды. Бірыңғай тәсілдің арқасында мемлекеттік органдардың, қоғамдық институттардың және бизнестің өзара іс-қимылының тиімділігі артты, этномәдени бірлестіктердің әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысуы кеңейді, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезеңінде қоғамдық қолдаудың тиімді тетігі қалыптасты.
Орталықтардың жұмысы олардың қызметіне деген жоғары сұранысты айқын көрсетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалпы сомасы 847,7 млн теңгені құрайтын 1 134 қайырымдылық және әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылды.
Биыл да оң үрдіс сақталуда. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана «Жомарт жан» орталықтары 10 391 қайырымдылық жобасын іске асырып, 29 386 азаматқа көмек көрсетті. Көрсетілген қайырымдылық көмектің жалпы көлемі 274,2 млн теңгені құрады.
Орталықтардың қызметі аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарт азаматтарға атаулы көмек көрсетуден бастап, білім беру, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Мұндай кешенді тәсіл бір реттік қолдаудан жергілікті қауымдастықтардың тұрақты дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысқа көшудің айқын көрінісі болып табылады.
Сонымен қатар қайырымдылық саласын одан әрі дамыту бірқатар міндеттерді шешуді талап етеді. Басым бағыттардың қатарында өңірлер арасындағы қайырымдылық қызметінің ауқымындағы айырмашылықтарды азайту, бизнес пен әлеуметтік кәсіпкерлердің қатысуын кеңейту, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамыту, жастарды еріктілер қозғалысына тарту және өңірлердегі үздік тәжірибелерді кеңінен тарату мәселелері бар.
«Жомарт жан» орталықтарының тәжірибесі қайырымдылықтың Қазақстандағы қоғамдық дамудың маңызды тетіктерінің біріне айналғанын дәлелдейді. Мемлекет, азаматтық қоғам, бизнес және этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіру өзекті әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Арсланова Юлия Рафаиловна,
«Қоғамдық келісім» РММ аға сарапшысы